Сенім телефоны:
8 (7222) 51-67-19 - тәулік бойы
8 705 506 42 72 - ауысымның аға дәрігері тәулік бойы
8 705 798 28 37 - пациенттерді қолдау және
ішкі аудит қызметі 8.00 - 16.30 жұмыс күндері
Меню

24/7 жедел медициналық көмек көрсету

Балалар мен ересек тұрғындарға медициналық көмек өмірге қауіп төндіретін жағдайлар, шұғыл жағдайлар, жіті созылмалы аурулар және олардың асқынулары кезінде оқиға орнында, сондай-ақ стационарға барар жолда, оның ішінде төтенше жағдайлар, жаппай апаттар кезінде көрсетіледі.
скорая помощь в Семее
скорая помощь в Семее
Миссия
Азаматтардың денсаулығын қорғау – жедел медициналық жәрдем қызметтерін қолжетімді, қазіргі заманғы кәсіби және техникалық деңгейге сай көрсету арқылы қамтамасыз ету.
Көзқарас
Жедел және шұғыл медициналық жәрдемді дер кезінде, кәсіби және сапалы түрде көрсету.
Мақсат
Халықтың қажеттіліктеріне жауап беретін және медициналық көмектің жоғары стандарттарына сәйкес келетін, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, ауруханаға дейінгі көмек көрсетудің оңтайлы жүйесін құру.

Төтенше жағдайда қалай әрекет ету керек?

Төтенше жағдайда қалай әрекет ету керек?

  • Алғашқы көмек көрсетудің алгоритмі

    Абдырап қалмай, алғашқы көмекті дұрыс көрсету үшін мына әрекеттер тізбегін сақтау маңызды:

    1. Өзінің, зардап шегушінің және айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету (мысалы, зардап шегуші адамды жанып жатқан автокөліктен шығару).

    2. Зардап шегушінің өмір белгілерін (пульс, тыныс алуы, қарашығының жарыққа реакциясы) және есін білуін тексеру. Тыныс алуын тексеру үшін зардап шегушінің басын шалқайтып, оның ауызы мен мұрынына қарай еңкейіп, тыныс алуын естуге немесе сезінуге тырысу керек; пульсті «тыңдау» үшін зардап шегушінің күре тамырына саусағыңыздың басын қою қажет; есін бағалау үшін зардап шегушіні иығынан ұстап, ақырын қозғап, қандай-да бір сұрақ қою қажет (мүмкіндігіне қарай).

    3. Оқиға орнына мамандарды шақыру (112 – ұялы телефоннан,қалалық телефоннан – 103 (жедел жәрдем)немесе 101 (құтқарушылар).

    4. Шұғыл алғашқы жәрдемді көрсету.

    Ол жағдайға байланысты мынадай болуы мүмкін:

    - тыныс алу жолдарының өтуін қалпына келтіру;

    - жүрек-өкпе реанимациясы;

    - қан кетуді тоқтату және басқа шаралар.

    5. Зардап шегушіге дене жайлылығын және психологиялық көмек көрсетіп, мамандардың келуін тосу.

  • Жасанды тыныс алу

    Өкпені жасанды желдендіру (ӨЖЖ) – адамның өкпесінің табиғи желдетілуін қалпына келтіру үшін, оның тыныс жолдарына ауаны (немесе оттегіні) жіберу. Бұл әрекет қарапайым реанимациялық шара болып есептеледі.

    ӨЖЖ-ні қажет ететін қалыпты ахуал:

    - автомобиль апаты;

    - судағы оқиға;

    - тоқ соғу және басқа.

    Қазіргі кезде медицинада ӨЖЖ-нің әртүрлі тәсілдері бар. Маман емес адамның алғашқы көмек көрсетуі кезінде ең тиімдісі «ауыздан-ауызға» және «ауыздан- мұрынға» жасанды тыныс беру тәсілі.

    Егер зардап шегушіні қараған кезде табиғи тыныс алуы сезілмесе, дереу өкпені жасанды желдендіру өткізілуі керек.

    «Ауыздан-ауызға» жасанды тыныс беру:

    1. Үстіңгі тыныс жолдарының өтімділігін қамтамасыз етіңіз. Зардап шегуші адамның басын жанына қарай бұрып, ауыз қуысын шырыштан, қаннан және басқа бөгде заттардан саусағыңызбен еппен тазалаңыз. Зардап шегушінің мұрын қуысын тексеріңіз; қажет болғанда тазалаңыз.

    2. Зардап шегушінің мойынын бір қолмен демеп, басын шалқайтыңыз.

    - Омыртқаға зақым келген болса, зардап шегушінің басының жатқан қалпын өзгерпеңіз!

    3. Зардап шегушінің мұрынын басбармақ және сұқ саусақпен қысыңыз. Терең демалыңыз, зардап шегушінің аузына ерінмен тығыз қысыңыз. Зардап шегушінің өкпесіне дем жіберіңіз.

    - Алғашқы 5-10 дем шығару тез болуы керек (20-30секундта), содан кейін 12-15 дем шығару бір минут ішінде.

    4. Зардап шегушінің кеудесінің қозғалысын мұқият бақылаңыз. Егер оның кеудесі ауаны жібергенде көтерілсе, онда Сіз бәрін дұрыс жасап жатырсыз.

  • Жүрекке жанама массаж жасау

    Егер тыныс алуымен бірге адамның пульсі де жоқ болса, онда жүрекке жанама массаж жасау қажет.

    Жанама немесе, мамандардың айтуынша жүректің жабық массажы немесе көкірек қуысының компрессиясы – адамның жүрегі тоқтап қалған кезде қан айналымын демеуге арналған, кеуде мен омыртқа арасында жүрек бұлшықетінің қысылуы.   Бұл әрекет қарапайым реанимациялық шараға жатады.

    Назар аударыңыз! Жүректің жабық массажын адамның пульсі болған кезде жасауға тыйым салынады.

    Жүрекке жанама массаж жасау техникасы:

    1. Зардап шегушіні тегіс қатты жерге жатқызыңыз. Төсекте және басқа жұмсақ жерде көкірек қуысының компрессиясын жасауға болмайды.

    2. Зардап шегушінің семсер тәрізді шеміршегінің орналасуын анықтаңыз. Семсер тәрізді шеміршек – көкіректің ең қысқа және тар, төменгі бөлігі.

    3. Семсер тәрізді шеміршектің жоғарысынан 2-3 сантиметр өлшеп алыңыз – бұл компрессияның нүктесі.

    4. Алақанның негізін компрессияның нүктесіне қойыңыз. Әрі реанимация жасайтын адамның қалай тұрғанына байланысты, бас бармақ зардап шегушінің иегін немесе ішін көрсетіп тұруы керек. Бір қолдың үстіне екінші алақынды қойыңыз. Тек алақанның негізімен ғана басуды жүргізеді – Сіздің саусақтарыңыз зардап шегушінің төсіне тимеуі керек.

    5. Төс сүйегін қаттырақ, жайлап, тек тіктеп, өзіңіздің салмағыңызбен ырғақпен басасыз. Жиілігі минутына 100-110 басу. Әрі төс қуысы 3-4 сантиметрге иілуі керек.

    Жас нәрестелерге жүректің жанама массажы бір қолдың сұқ саусағы және орта саусағымен жүргізіледі. Жасөспірімдерге – бір қолдың алақанымен.

    Егер жүрекке жасанды массажбен бір мезгілде ӨЖЖ жүргізілетін болса, онда кеудеге 15 басу екі тыныс алумен кезектесуі керек.

  • Геймлих тәсілі

    Кеңірдекке ас немесе бөгде зат түсіп кеткен кезде, ол бітеліп қалады (толықтай немесе жартылай), нәтижесінде адам тұншыға бастайды.

    Тыныс алу жолдарының бітеліп қалуының белгісі:

    - Толыққанды тыныс алудың болмауы. Егер тыныс алу жолы толық бітелмесе, адам жөтеледі; егер толық бітелсе – мойынын ұстайды.

    - Сөйлеу мүмкіндігінің болмауы.

    - Бет терісінің көкшілденуі, мойын тамырларының білеуленуі.

    Тыныс жолдарын тазартуды көбінесе Геймлих тәсілімен өткізеді:

    1. Зардап шегушінің артынан тұрыңыз.

    2. Оны кіндігінен сәл жоғары, қабырға доғасының астынан екі қолмен қамтып ұстаңыз.

    3. Шынтағыңызды тез бүгіп, зардап шегушінің ішін қатты басыңыз.

    Зардап шегушінің кеудесін баспаңыз, тек жүкті әйелдерде басу әдісі кеудесінің төменгі жағында жүзеге асырылады.

    4. Тыныс жолдары босағанға дейін бұл тәсілді бірнеше рет қатарынан қайталаңыз.

    Егер зардап шегуші есінен танып, құлап қалса, оны арқасына жатқызыңыз, санына отырып, екі қолыңызбен қабырға доғасына басыңыз.

    Баланың тыныс жолдарынан бөгде затты алып тастау үшін оны ішіне жатқызып, 2-3 рет жауырын ортасынан қағу керек. Өте абай болыңыз! Тіпті бала тез жөтеліп жіберсе де, дәрігерге тексеру үшін жүгініңіз.

  • Қан кету

    Қан кетуді тоқтату – ол қан кетуді тоқтатуға бағытталған шаралар. Алғашқы көмек көрсетуде, сөз  - сыртқы қан кетуді тоқтату туралы болмақ.  Қан тамырларының түріне байланысты, қылтамырлық, көктамырлық және артериялық қан кету болып бөлінеді.

    Қылтамырлық қан кетуді тоқтату асептикалық таңу дәкесін салу жолымен, сондай-ақ, егер қолы мен аяғы жарақаттанса, аяқ-қолын денесінің деңгейінен көтеру арқылы жүзеге асырылады.

    Көктамырлық қан кетуде қыспа таңғыш салынады. Ол үшін  жараны таңу орындалады: жараға дәке, оның үстіне бірнеше қабат мақта (егер болмаса – стерильді орамал) салынады, тығыз оралады. Осылай таңғышпен басылған тамыр тез тромбыланады – қан кету тоқтайды.

    Егер қыспа таңғыш суланса, оны алақанмен қаттырақ басыңыз.

    Артериялық қан кетуді тоқтату үшін артерияны басу қажет.

    Артерияны басу техникасы: артерияны саусақпен немесе жұдырықпен сүйекке дейін қатты басыңыз.

    Артериялар пальпацияда оңай сезіледі, сондықтан осы тәсіл ең тиімді. Бірақ, бұл тәсілде алғашқы жәрдем көрсететін адамнын күші қажет.

    Аяқ-қол жарақаттанған жағдайда қан тоқтатудың үздік тәсілі бұрау салу.

    Қан тоқтатқыш бұрау салу техникасы:

    1. Бұрауды киімнің үстінен немесе жараның сәл үстінгі жағынан жұмсақ дәкеге қойыңыз.

    2. Бұрауды тартыңыз және тамырлардың соғуын тексеріңіз – қан кету тоқтау керек, ал бұраудың астындағы тері сұрлануы қажет.

    3. Жараға таңғышты салыңыз.

    4. Бұрау салынған дәл уақытты жазып қойыңыз.

    Аяқ-қолға бұрауды көп болса тек 1 сағатқа салуға болады. Бір сағаттан кейін бұрауды 10-15 минутқа босаңсыту қажет. Қажет болса қайта тартуға болады, бірақ 20 минуттан артық тартпау керек.

  • Сынықтар

    Сынық – сүйектің бүтіндігінің бұзылуы. Сынықта қатты ауру, кейде естен тану немесе шок, қан кетулер болады. Сынықтар ашық және жабық болады. Ашық сынық жұмсақ тіндердің жарақатымен білінеді, жарақатта кейде сүйектің бөлшектері көрінеді.

    Сынық кезінде алғашқы көмек:

    1. Зардап шегушінің жағдайының ауырлығын бағалаңыз, сынықтың орнын анықтаңыз.

    2. Қан кетіп тұрса, оны тоқтатыңыз.

    3. ТЖ мамандары келгенше зардап шегушіні басқа жерге қозғаудың мүмкіндігі бар-жоғын анықтаңыз.

    Омыртқасына зақым келген жағдайда, зардап шегушіні қозғамаңыз және оның орнын ауыстырмаңыз!

    4. Сынған жердегі сүйектің қозғалмауын қамтамасыз етіңіз – иммобилизация. Ол үшін сынытың үстіңгі және астыңғы жағындағы буындарды қозғалттырмау керек.

    5. Шендеуіш салыңыз. Шендеуіш ретінде жалпақ тақтайды, таяқты, сызғышты, шыбықты және т.б. қолдануға болады. Шендеуішті бинтпен немесе пластырьмен тығыз, бірақ қатты емес, орау керек.

    Жабық сынық кезінде иммобилизацияны киімнің үстіне жасайды; ашық сынықта сүйек сыртқа шығып тұрған жерге шендеуіш қоюға болмайды.

  • Күйіктер

    Күйік – ағза тіндерінің жоғары температураның немесе химиялық заттың әсерінен зақымдануы. Күйіктер дәрежесіне және зақымдану түріне қарай бөлінеді. Зақымдану түріне қарай:

    - термиялық (от, сұйықтық, бу, қызып тұрған заттар);

    - химиялық (сілті,қышқыл);

    - электрлік;

    - сәулелік (сәулелік және иондық радиация);

    - және аралас күйік.

    Күйік кезінде бірден күйдіргіш заттың (от, электр тоғы, ыстық су) әрекетін жою керек.

    Содан кейін, термиялық күйікте зақымданған жерді киімнен босатып (еппен, теріні сыдырмай, жараның жан-жағына жабысып қалған матаны кесіп), күйік шалған жерді суық суды ағынында 20 минут ұстау керек.

    Майлы жақпамайларды және майлы кремдерді қолданбаңыз – майлар ауырғанды баспайды, күйікті заласыздандырмайды және жазылуына көмегі жоқ.

    Содан кейін жараны суық сумен ағызып жуыңыз, стерильді таңғышты салыңыз және мұз немесе суық зат қойыңыз. Және зардап шегушіге жылы тұзды су беріңіз.

  • Есен тану

    Естен тану – ол ми қан айналымының уақытша бұзылуымен байланысты есін кенеттен жоғалту. Басқаша айтқанда, мидың оттегі жетіспейтіні туралы дабылы.

    Кәдімгі және эпилептикалық естен тануды ажырата білу маңызды. Кәдімгі естен тану кезінде жүрегі айнып, бас айналады.

    Естен танудың алдында адамның көзі айналып, суық тер басады, пульсі әлсіреп, аяқ-қолы суып

    Естен танудың қарапайым жағдайы:

    - қорқыныш;

    - мазасы кету;

    - қапырық және т.б.

    Адам есінен танғанда, оны қолайлы көлденең жатқызып, таза ауанын келуін қамтамасыз етіңіз (киімінің түймелерін шешіңіз, белдігін босатыңыз, есік пен терезелерді ашыңыз). Зардап шегушінің бетіне суық су шашыңыз, бетінен ақырын шапалақтаңыз. Егер қасыңызда дәрі жәшігі болса, мүсәтір спиртімен дымқылданған мақта тампонын иіскетіңіз.

    Егер 3-5 минут ішінде есін жимаса, дереу «Жедел жәрдемге» қоңырау шалыңыз.

    Зардап шегуші өз-өзіне келген кезде, оған ашты шай немесе кофе беріңіз.

  • Суға бату

    Суға бату – судың өкпеге және тыныс жолдарын өтуі өлімге алып келуі мүмкін болғандағы жағдай.

    Суға батудағы алғашқы көмек:

    1. Зардап шегушіні судан алып шығыңыз.

    Назар аударыңыз! Суға батып бара жатқан адам қолына тигеннің бәрінен ұстайды. Сақ болыңыз – оған артқы жағынан жүзіп барыңыз, басын судың бетінде ұстап, шашынан немесе қолтығынан демеңіз.

    2. Зардап шегушіні ішімен тізеге жатқызыңыз, басы төменде болуы керек.

    3. Ауыз қуысын бөгде заттан (сілемей, құсық, балдыр) тазалаңыз.

    4. Өмір белгілерінің бар-жоғын тексеріңіз.

    5. Пульс және тыныс алуы жоқ болса, дереу ӨЖЖ және жүрекке жанама массаж жасауға кірісіңіз.

    Тыныс алуы және жүрек қызметі қалпына келген соң зардап шегушіні жанына қарай жатқызып, үстін жабыңыз және медицина қызметкерлері келгенге дейін күтіңіз.

  • Күн өту

    Жазғы уақытта күн өту де қауіпті. Күн өту – күн ыстықта күннің көзінде ұзақ болғанда, бас миы жұмысының бұзылуы.

    Симптомдары:

    - бас ауыруы;

    -әлсіздік;

    - құлақтағы шу;

    - жүректің айнуы;

    - құсу.

    Егер зардап шегуші әлі де күннің көзінде қалса, оның температурасы көтеріледі, демігу пайда болады, кейде есінен де танады.

    Сондықтан, алғашқы жәрдем көрсеткенде алдымен зардап шегушіні салқын, желдетілген орынға алып келу керек. Содан кейін оның киімін шешіп, белдігін босатып, аяқ киімін шешіңіз.оның басына және мойнына суық сумен суланған орамалды қойыңыз. Мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Қажет болғанда жасанды дем беруді жасаңыз.

    Күн өткенде зардап шегушіге аздап тұз қосылған салқын су беру қажет (жиі, бірақ аздаған).

  • Қатты тоңу және үсу

    Қатты тоңу (гипотермия) – ол адамның дене температурасыныың қалыпты зат алмасуы үшін қажетті нормадан төмен азаюы.

    Гипотермиядағы алғашқы көмек:

    1. Зардап шегушіні жылы үй - жайға кіргізіңіз немесе жылы киіммен бүркеңіз.

    2. зардап шегушінің денесін алдымен қолмен уқалаңыз, содан кейін жұмсақ матамен терісі қызарып, сезімталдылық пайда болғанша сүртіңіз.

    3. Ыстық сусын және тамақ беріңіз.

    Алкоголь пайдаланбаңыз!

    Қатты тоңудың арты үсуге алып келуі мүмкін, яғни төмен температурың әсерімен ағза тіндерінің зақымдануына және ұлпаның жанының кетуіне. Дененің қан айналымы  төмен бөліктері - аяқтың және қолдың саусақтарының, мұрынның және құлақтың үсуі жиі кездеседі.  

    Үсудің себептері - жоғары ылғалдық, аяз, жел, қозғалмай отыру. Зардап шегушінің жағдайын алкогольдік мас болу одан сайын қиындатады.

    Симптомдары:

    - суыту сезімі;

    - дененің үсіген жерлерінің сұққылауы;

    - содан кейін – жан кетуі және сезімталдылықтың жоғалуы.

    Үсу кезіндегі бірінші көмек:

    1. Зардап шегушіні жылы жерге отырғызыңыз.

    2. Оның үстіндегі қатқан немесе дымқыл киімді шешіңіз.

    3. Жеңіл түрде үсісе денесінің зақымданған бөлігін ысқылап жіберіңіз. Ауыр жағдайда (II-IV дәрежелі үсу) ысқылауға болмайды.

    Ысқылауға май немесе вазелин пайдалануға кеңес береміз. Зардап шегушіні қармен ысқыламаңыз.

    4. Денесінің үсіген бөлігін жақсылап жылылып жабыңыз.

    5. Зардап шегушіге ыстық тәтті сусын немесе ыстық ас беріңіз.

  • Улану

    Улану – у немесе улы зат түскеннен ағза жұмысының бұзылуы. Улы заттың түріне байланысты улану мына типтерге бөлінеді:

    - ысқа улану;

    - улы химикаттармен улану;

    - алкогольге улану;

    - дәрі-дәрмекпен улану;

    - тағаммен улану және т.б.

    Алғашқы көмек көрсету шаралары уланудың сипатына байланысты. Жүрегі айну, құсу, іш өту және асқазан ауыруымен көрінетін тағамға улану көптеп тараған.  Бұл жағдайда зардап шегушіге бір сағаттың ішінде әрбір 15 минут сайын 3-5 грамм белсенді көмір дәрісін ішуге, суды көбірек ішуге, тағамнан бас тартуға және міндетті түрде дәрігерге жүгінуге кеңес беріледі.

    Сонымен қатар, дәрілік препараттармен кезейсоқ немесе әдейілеп улану, және алкогольдік интоксикация көптеп тараған.

    Бұл жағдайдағы алғашқы көмектің қадамдары:

    1. Зардап шегушінің асқазанын жуыңыз. Ол үшін оған бірнеше стақан тұзды су қалайда ішкізіңіз (1 литр суға 10 грамм тұз және 5 грамм ас содасы).2-3 стақаннан кейін зардап шегушіні құстырыңыз. Бұл әрекетті құсық «таза» болғанша қайталаңыз.

    Асқазанды жуу тек зардап шегуші есін білетін жағдайда ғана жүргізіледі.

    2. Бір стақан суда 10-20 таблетка белсенді көмірді ерітіңіз, зардап шегушіге ішкізіңіз.

    3. Медицина қызметкерлерінің келуін тосыңыз.

Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылық жүргізу ҚКМ

ҚР, Абай ауданы, Семей қ., Орманди к., 32/1

Сенім телефоны:
8 (7222) 51-67-19 - тәулік бойы
8 705 506 42 72 - ауысымның аға дәрігері тәулік бойы
8 705 798 28 37 - пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі 8.00 - 16.30 жұмыс күндері